Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысы аясында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің төрағалығымен ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің директорат отырысы өтті. Отырысқа аумақтық департаменттердің басшылары, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен Ұлттық сараптама орталығының өкілдері қатысты.
Ұлттық сараптама орталығы басқармасының төрағасы Ерлан Киясов зертханалардың қызметі бойынша егжей-тегжейлі есеп берді. Ол санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг пен сараптама статистикасын, зертханалардың жаңғыртылу қарқынын, өңірлік және республикалық деңгейдегі менеджменттің тиімділігін, сондай-ақ өзекті мәселелерді қамтыды.
«Есептегі әрбір сан – бұл жай ғана статистика емес, ол біздің мамандардың күнделікті еңбегінің нәтижесі. Бұл көрсеткіштердің артында тұтас жүйенің ауқымды жұмысы жатыр», – деді Ерлан Киясов, ҰСО басқарма төрағасы.
Басты басымдықтардың бірі – зертханалық желіні жаңғырту және материалдық-техникалық базаны нығайту. 2023 жылдан бері 2 000-нан астам заманауи зертханалық құрал-жабдықтар сатып алынды. Жамбыл облысы Қордай ауылында зертхана ғимараты мен Солтүстік Қазақстан облысындағы бактериологиялық зертхана ғимаратына жапсаржай құрылысы аяқталды. Қызылорда және Қостанай облыстарындағы нысандарға газ жүргізілді. Сондай-ақ 29 бірлік арнайы автокөлік сатып алынды.
«Инфрақұрылымды нығайту – бұл ең алдымен, біздің мамандардың еңбек жағдайын жақсарту. Біз жай ғана жабдықты жаңартпаймыз, қауіпсіздік пен сапаны бақылау тәсілін өзгертіп жатырмыз», – деп атап өтті Ерлан Киясов.
ҰСО ғылыми бағытты да белсенді дамытуда. Кәсіпорын жанынан Ғылыми кеңес құрылды, «Ұлттық сараптама орталығының хабаршысы» атты ғылыми-тәжірибелік журнал тіркелді. Басылымға халықаралық ISSN индексін беру жұмыстары жүргізілуде, бұл оның академиялық мәртебесі мен ғылыми беделін арттыра түседі.
ҰСО халықаралық байланыстарды нығайтуды жалғастыруда. Жаңа ынтымақтастық туралы меморандумдар, соның ішінде шетелдік университеттермен және серіктестермен келісімдер жасалуда. ҰСО Codex Alimentarius, INFOSAN, RASFF және GMO – Platform өкілдіктері үшін база болып табылады және БҰҰ ұйымдарымен, соның ішінде ДДҰ мен ФАО-мен тығыз жұмыс істейді.
Ұлттық сараптама орталығы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау мен сараптама саласында тұрақты нәтижелер мен сапаның жоғары стандарттарын көрсетіп, даму, жаңғырту және ғылыми ілгерілеу жолымен сенімді түрде алға жылжуда.