Зертханалық тәжірибеде жасанды интеллектті қолдану мүмкіндігі
Возможность применения искусственного интеллекта в лабораторной практике 23.09.2022

Бүгін Ұлттық сараптама орталығында (ҰСО) онлайн-отырыс өтті, оның барысында сарапшылар зертханалық қызметте жасанды интеллектті қолдану мәселесін талқылады.

Кездесуге ҰСО Басқарма Төрағасы Ерлан Қиясов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі Мадина Мансурова, Кодекс Алиментариус тобы, сондай-ақ Кәсіпорын мамандары қатысты.

Презентация барысында ҚазҰУ-дың кафедра меңгерушісі Мадина Мансұрова таңбалау кезеңінде жалған өнімді анықтау үшін жасанды интеллектті қолдану құралдарын ұсынды.

«Бұл жүйе үлкен деректерді адамдарға қарағанда жақсы өңдейді. Сондай-ақ, бұл әдістер адамдар жасайтын талдауға қарағанда сенімдірек әрі нақты уақытта бірден көптеген транзакцияларды өңдей алады», - деп түсіндірді ол.

ҰСО басшысы Ерлан Қиясовтың айтуынша, әлемде жыл сайын жалған және қолдан жасалған өнімдер саны өсіп келе жатыр. Бүгінде орталық зертханалары санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу барысында өнімді таңбалау бұзушылығының 70%-ға жуығын анықтап отыр. Бұл тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды. Осыған байланысты зертханалық қызметке жасанды интеллект жүйесін енгізу мүмкіндіктері бойынша ғылыми институттармен бірлесіп жұмыс істеу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында Ұлттық сараптама орталығы «Тамақ өнімдерінің бұрмалануын анықтау үшін жасанды интеллект» халықаралық конференциясына қатысты. Конференция жұмысына Еуропа мен Азиядан 1680 қатысушы қатысты. Конференция жасанды интеллект көмегімен Кодекстің халықаралық стандарттарын ілгерілету шаралары көрсетілген қарар қабылдады.